Бүгін Астанада «Посткеңестік дамудың 20 жылдығы: нәтижелер мен жаңа үрдістер» атты тақырыпта өткен Еуразиялық сарапшылар жиыны барысында М.В. Ломоносов атындағы ММУ посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі Ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры Алексей Власов осылай мәлім етті.
«Қазақстан басшылығы қабылдап жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, саяси жаңғырудың жаңа форматы өз-өзін ақтап жатқан нақты шаралар. Ал бүгінгі күні Қазақстанда ғана емес, Ресейде де, батыс елдерінде де тың тақырыпқа айналған референдум мәселесі, бәзбір оппозициялық басылымдар жазып жүргеніндей, президенттік басқару формасының 20 жылдығына арналған «сыйлық» емес. Бұл Қазақстан мемлекеттілігінің болашақ дамуына жүйелі әсер ететін аса маңызды қадам. Бұның басты мағынасы мен мәні елдің Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысының саяси мұрасын ұлттық элитаның болашақ буынына эволюциялық жолмен жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады. Ал оның өзі көптеген онжылдықтарға дейін жетіп артылатын үлкен ауқымдағы қор», - деді А. Власов.
Оның айтуынша, ел дамуының болашағын анықтаған 2030 - стратегиясының өзі Жаңа Қазақстанның жарқын көрінісі бола алады.