Рельстен шығып кеткен жүк вагоны жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесін бұзды - ТЖМ

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Қостанай облысында шойын жолдан жүк вагоны шығып кетті. Осының салдарынан жолаушылар тасымалдаушы пойыздар бірнеше сағатқа кестелерінен кешеуілдеді,

деп хабарлады Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Ведомство баспасөз қызметінен хабарлағандай, наурыздың 26-сы күні кешкі сағат 7 жарымда Таран ауданы Апановка-Притобольское өткелінде №3465-ші жүк пойызының бір вагоны рельстен шығып кетіп, оның салдарынан «Қостанай-Алматы» бағатындағы №43-ші жолаушылар пойызы 2 сағат 48 минутқа, №621-ші «Қостанай-Арқалық» пойызы 1 жарым сағатқа кідіруге мәжбүр болды.

«Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Наурыздың 27-сі күні сағат 03.30-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық көлемде аяқталды», - деп анықтады баспасөз қызметінен.

Төтенше жағдай салдарын жоюға 16 адам мен Тобыл стансысынан 1 жөндеу пойызы жұмылдырылды.