Шара соңында Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, «Әділет» саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі Ренат Бектұров бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.
Оның айтуынша, жаңа партияның басты миссиясы — әділетті Қазақстан құру. Жалпы, «Әділет» партиясының жарғысы 18 бөлімнен тұрады. Ал партия бағдарламасында бес негізгі құндылық айқындалған.
— Біріншісі — әділеттілік, екіншісі — отансүйгіштік, үшіншісі — еңбекқорлық, төртіншісі — жауапкершілік, бесіншісі — прогресс. Бұл құндылықтар тек қағаз жүзінде қалмай, қоғамда және экономика саласында нақты көрініс табуы тиіс. Сондықтан біздің басты 10 басымдығымыз айқындалған. Соның бірі — заң мен тәртіп, — деді ол.
Алайда «Әділет» партиясы ҚР Әділет министрлігінің тіркеуінен әлі өтпеген. Ренат Бектұровтың айтуынша, құжаттар жинау процесі жүріп жатыр екен.
— Құрылтай съезінен кейін біз партияны ресми тіркеу үшін құжаттар тапсырамыз. Заң бойынша партия құру үшін кемінде бес мың мүше болуы қажет. Біздің қолдаушыларымыз бұл талаптан екі есе көп — он мыңнан асады. Дегенмен тіркеуден өту-өтпеуін кепілдікпен айту мүмкін емес. Біз барлық құжаттарды заң талаптарына сәйкес тапсырамыз, — деді Ренат Бектұров.
Журналистердің «бәсекелестеріңіз кім?» деген сұрағына ол қысқаша жауап берді:
— Біз ешкіммен бәсекеге түспейміз. Басқа саяси партияларды талқылаудан аулақпыз. Біздің өз бағытымыз, өз ұстанымымыз бар. Біздің құндылықтарымыз бен мақсаттарымызға 10 мыңнан астам адам қолдау білдіріп отыр, — деді «Әділет» саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі .
Айта кетейік, Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды.