Ренжісіп қалған адамдар Наурызда татуласып, табысуы қажет- депутат Д. Құсайынов

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық мерекеміздің маңыздылығы, салт-дәстүрдің озық үлгілері туралы әрбір Қазақстан азаматы өз пікірін білдіруде.

ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дауылбай Құсайынов Наурыз мейрамына қатысты ойларын айтып берді.

- Сіз бұрын Қарағанды облысында еңбек еттіңіз. Сарыарқа өңірінде Ұлыстың ұлы күнін қарсы алудың өзіндік ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз? Наурыз туралы ұсыныстарыңыз бар ма?

- Мен Қарағанды облысының Нұра ауданында біраз жылдар бойы ауданды басқардым, бұл өңірдің ерекшелігі қыс ерте басталып, кеш шығады. Наурыз келгенде далада әлі қар жатады. Сол себептен бірқатар қиындықтары да бар. 90-жылдардың орта кезінде «Наурызды кейін өткізейік, жер аяғы кеңіп, қар кеткеннен кейін, күн жылыған соң дұрыс болатын шығар» деген ұсыныстар болды. Бірақ мен бұл ұсынысты қолдаған жоқпын. Наурыз әр кез өз уақытында тойланғаны жөн. Дер кезінде аталып өтуі тиіс. Бүгінгі таңда ресми түрде мемлекеттік мереке ретінде үш күн беріліп отыр. Сол себептен Ұлыстың ұлы күніне мемлекет тарапынан да айрықша назар аударылғанын көреміз.

- Наурызда қайырымдылық шараларын өткізген жөн деп айтылады. Сіз Наурызды қалай қарсы алған дұрыс деп есептейсіз?

- Наурызда қайырымдылық жасау, алаңдарға, көшелерге жас талдар отырғызу өте орынды бастама деп білемін. Әр көктемнің басында жас талдар ексек, ол он шақты жылдың ішінде үлкен мәуелі ағашқа айналады. Еліміздің ауа райы жақсаруына, экологиялық жағдайы түзелуіне ол да болса, қосылған бір үлес. Ал адамдарға, әсіресе, мүгедек жандарға, қарияларға қамқорлық жасау - азаматтық парыз.

Сол сияқты бұрын бір мәселелерге көзқарастары келіспей ренжісіп қалған адамдар Наурызда татуласып, табысуы қажет. Бірін-бірі кешіре білуі керек. Араздасып жүрген адамдарды білген айналасындағы әріптестері оларды қайта татуласуға ықпал еткені дұрыс. Сонда адам жанының ізгілігі, асыл қасиеттері анық байқалады.

- Енді елге арналған құттықтауыңызды жеткізсеңіз?

- Бұл біздің ертеден келе жатқан дәстүрлі мерекеміз. Наурыз мейрамын халық жыл сайын асыға күтеді. Күн мен түннің теңескен кезі. Алдымызда шуақты көктем келе жатыр. Барлық дүние жаңарып жанданады. Барлық Қазақстан халқына тілейтінім осы мерекелеріңіз құтты болсын! Ақ мол болсын! Отбастарыңыз аман болып, жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін! Жаңа басталған жылымыз баянды болсын!

- Айтқаныңыз келсін!