«Репродуктивтік туризм» — депутат шетелдіктер үшін «суррогат ана» болуға тыйым салуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда суррогат ана болуды реттеу жүйесінде елеулі олқылықтар бар. Бұл коммерциялану қаупін, әйелдер мен балаларды қанауды арттырып, заңсыз донорлық каналдарының қалыптасуына әкеп соғады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдады. 

Фото: Freepik

Депутат заңнамалық база болғанына қарамастан, Қазақстандағы суррогат ана болу практикасында сын-қатер көптігін және жедел түрде шектеу мен тыйым енгізу қажеттігін айтып отыр.

— Суррогат ана қызметіне Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да тапсырыс бере алады. Халықаралық суррогат ана болу жағдайларында ата-ана мәртебесін анықтау, азаматтық мәселелері және баланың заңды танылуына қатысты жанжалдар мен сот процестері жиі туындайды. Әсіресе ата-ана мәртебесінің өзара танылмауы баланың азаматтығы болмауына немесе құқықтық мәртебесінің белгісіз болуына әкелуі мүмкін, — деді Гүлдара Нұрым Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, елдегі заңнаманың салыстырмалы түрде жеңіл болуы Қазақстанды «репродуктивтік туризм» үшін тартымды елге айналдырып отыр. Себебі көршілес елдерде (Ресей, Қытай), сондай-ақ кейбір дамыған мемлекеттерде (Германия, Франция) суррогат ана болуға толығымен тыйым салынған немесе қатаң шектеулер бар, соның ішінде коммерциялық суррогат ана болуға немесе шетел азаматтарына қызмет көрсетуге тыйым енгізілген. Грузияда да трансшекаралық суррогат ана болудың белең алуы бұл қауіптердің шынайылығын растайды.

Сонымен бірге, қаржылық қиындықтарға байланысты жас әйелдердің суррогат ана болуы жаңа туған баласымен айырылысып, жағымсыз психологиялық салдар қаупін тудырады. Қомақты қаржы айналымының болуы балаларды «тауарға» айналдыру қаупін күшейтеді, «адам саудасының жаңа нысаны» ретінде бағаланады.

— Соңғы үш жылда байқалып отырған шетелдік агенттіктердің қазақстандық ЭКҰ клиникаларымен ынтымақтастыққа белсенді қызығуы қазақстандық әйелдердің биоматериалын коммерциялық мақсатта пайдалану үрдісін көрсетеді. Әйелдер өз денсаулығына тиюі мүмкін жағымсыз салдарды толық түсіне бермейді, бұл елдің генофондына және ұлт денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Шетелдік агенттіктердің қызметін уәкілетті мемлекеттік органдар қадағаламайды, себебі олар медициналық ұйым болып саналмайды. Мұндай ретсіздік нәрестелерді заңсыз саудалаудың астыртын арналарының қалыптасу қаупін тудырады, — деді Гүлдара Нұрым.

Аталған мәселелерді шешу үшін, баланың мүдделерін қамтамасыз етіп, ұлттың репродуктивтік әлеуетін сақтау мақсатында депутат бірнеше шараны ұсынды:

Клиникалар мен агенттіктерді міндетті түрде лицензиялау жүйесін енгізу, сондай-ақ олардың ашық тізілімдерін жариялау. Реттеудің негізгі мақсаты суррогат аналарды мәжбүрлеуге және олардың осал жағдайын пайдалануға жол бермеу, олардың еркін, саналы және ерікті келісімін қамтамасыз ету болуы қажет.

Суррогаттыққа қатысушылар арасындағы нотариалдық шарттарды цифрлық құралдармен есепке алу шараларын қабылдау және оларды нотариалдық кеңселердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау.

Қазақстан Республикасы аумағында суррогат ана қызметтерін тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсету мәселесін қарастыру. Бұл шара «репродуктивтік туризм» салдарынан қорғау мақсатында шетел азаматтарына қызмет көрсетуге қатаң шектеулер немесе толық тыйым енгізген немесе өз азаматтарына басымдық беретін елдердің тәжірибесіне сәйкес келеді.

Жақында Конституциялық Сот суррогат ана болуға қатысты шағым негізінде іс жүргізуден бас тартты.