Репутациясы тексерілмеген адвокаттар саламызға кіріп кетіп жатыр - Қауымдастық төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Республикалық адвокаттар қауымдастығының төрағасы Айдын Бикебаев Сенат қабырғасында өткен дөңгелек үстел отырысында адвокат мәртебесін көтеруге кедергі келтіріп отырған проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адвокат мәртебесінің өсуіне не әсер етеді? Біріншіден, толыққанды жұмыс істемейтін немесе заңға қосымша актілермен реттелетін нормалар бар. Мысалы, адвокаттың қолжетімді болуын шектейтін түрлі ведомствоаралық бұйрықтар мен нұсқаулықтар бар.

Сондай-ақ адвокаттардың қорғауындағы адаммен қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде кездескені үшін төленетін өтемақысы заңға қосымша нормалардың кесірінен толық орындалмай жатады. Біздің тәжірибемізде адвокаттар кәсіби қызметі кезінде кедергілерге жиі тап болады. Ал кедергі келтірушіні жауапкершілікке тарту тетігі жұмыс істемейді», - деді қауымдастық төрағасы.

Оның мәліметі бойынша, 30 жылда адвокат қызметіне кедергі келтіргені үшін бірде-бір адам жауапқа тартылып көрмеген.

«Сондай-ақ адвокат қызметіне кедергі келтірудің әкімшілік жауапкершілігі де жоқ. Тек адвокаттың сұрау салуына байланысты жауапкершілік қана бар.

Бүгінгі таңда адвокат қызметіне кедергі келтіретін әрекеттерді мемлекет ынталандырып отырғандай әсер бар. Бізде қорғаушы болуға лайықсыз мамандардың адвокат қызметіне қол жеткізуімен байланысты проблема бар. Яғни, репутациясы тексерілмейді. Әділет министрлігі емтихандарды әкімшілендіргісі келеді. Бірақ соның өзінде біздің салаға қандай мамандар кіріп жатқанын ешкім бақылап отырған жоқ. Ал әлемде халықаралық адвокаттар қауымдастығының стандарттары бар», - деді Айдын Бикебаев.