Ресей, АҚШ және Украина келіссөздеріне Еуропа елдері де қатысуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі үшжақты келіссөздерге Еуропа елдерінің де қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мәлімдеді. Бұл жөнінде Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Кристина Кормилицына/ POOL/ ТАСС

Кушнердің айтуынша, тараптар 10–11 қарашада Абу-Дабиде өтетін Ресей, АҚШ және Украина арасындағы келіссөздерге белсенді дайындалып жатыр.

Кушнер келіссөздер форматына қатысты ұсыныстар әлі де пысықталып жатқанын айтты. Оның пікірінше, келіссөз процесін дұрыс ұйымдастыру соғыс қимылдарын тоқтатып, тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуде шешуші рөл атқарады.

Бұған дейін Reuters агенттігі Абу-Дабидегі келіссөздерге АҚШ атынан Джаред Кушнер мен президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысады деп хабарлаған еді.

Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков алдағы кездесуде Ресей мен Украина арасындағы өзара қауіпсіздік кепілдіктері талқыланатынын мәлімдеді. Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский басқарады.

Бұған дейін Песков алдағы келіссөздерге Еуропа өкілдерінің қатысу мүмкіндігін жоққа шығарған еді. Себебі бастапқыда үшжақты формат келісілген.