Ресей арқылы жеткізген: ШҚО-да ірі есірткі арнасы жойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері арнайы операция жүргізіп, ірі есірткі арнасын жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізген.

Соның нәтижесінде, Ресейден Семей және Өскемен қалаларына синтетикалық есірткінің ірі партияларын жеткізіп отырған екі адам ұсталды.

Тінту кезінде 28 және 24 жастағы күдіктілерден жалпы салмағы 1,5 келіден асатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл - бірреттік 5 мың дозаға тең.

Алдын ала бағалау бойынша оның «қара нарықтағы» құны - шамамен 30 млн теңге.

Сонымен қатар олар жалға алған пәтерлерден есірткіні өлшеп-орауға арналған заттар табылды.

«Белгілі болғандай, есірткі арнасы Ресей Федерациясы арқылы ұйымдастырылған. Есірткі сол елден әртүрлі логистикалық көлік компаниялары арқылы жіберіліп отырған. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігіне (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар өзге де адамдар іздестіріліп жатыр», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.