Киноға Ресей әртісі Нина Усатова түсуде. «Холодное лето пятьдесят третьего», «Мусульманин», «Барак» фильмдерінде түскен белгілі актриса шопанның жесірін сомдайды.
«Мен үшін бұл рөл - балалық шағыма саяхат іспеттес. Мен Алтайда туғанмын. Жылқы, сайын дала иісі маған етене таныс. Бұл рөлді алғаным кездейсоқ емес. Бұл - тағдырдың сыйы. Қазақстандық әріптестеріммен жиі кездесіп тұратынмын. Ермектің шығармашылығын білемін. «Шал» киносында бас кейіпкермен бірге жаным күйзелді. Картина шынайы түсірілген. Шал қасқырлардан қашқанда мен де «қаш, қаш» деп қоса бақырып отырдым. Фильмде юмор да, трагедия да бар, күлетін жерінде күлдім», - деді Нина Усатова.
Айта кету керек, Ерболат Тоғызақов «Киномеханик» фильмінде ойнайды.
Ал басты рөлді 69 жастағы актер Мұрат Мұқажанов сомдайды. Актер сахнаға 50 жылдан соң оралып отыр.
«Барлық балалар сияқты мен де актер болсам екен деп армандайтынмын. 1965 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтына түстім. КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның класында Әшірбек Сығай, Әшірәлі Кенжеев, Ерсайын Дүйсенбиев, Құман Тастанбеков бәріміз оқыдық. Ең алғаш рет түсірілім алаңында 1967 жылы Александр Карповтың «Дорога в тысячу верст» фильмінде, сосын Абдолла Қарсақбаевтың «Брат мой» киносында ойнадым. 70-жылдары Семейге қайта оралып, кейін әскерге шақырылдым», - деді актер.
Әскерден соң Мұрат Мұқажанов жергілікті мектепте спектакль қоюмен айналысқан. Қазір ақсақал Алматыда тұрады. Алты немере сүйіп отыр.
«Бұл рөлге үміткер көп болды. 40-50 адам десек болады. Осы жастағы актерлермен көп сөйлестік. Мен Мұрат ағаны көптен білемін. Ермекпен таныстырдым. Ермек жаңа есімдерді шығарғанды жақсы көреді ғой. Ұзақ толғаныстан соң Мұрат аға Қайыржанның рөліне тағайындалды», - деді продюсер Қанат Төребай.
Түсірілім жұмыстары Алматы облысында 28 маусымға дейін жалғаспақ. Монтаж жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «Киномеханик» картинасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырымен түсіріліп жатыр.
Жас сарбаз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс қариядан жылжымалы киноаппарат сыйға алады. Қартайған шағында сарбаз ауылдарды аралап, ескі фильмдерді көрсетіп жүреді.