Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан ет жеткізуге байланысты арнайы бағдарлама әзірледі - Ө. Шөкеев

None
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ресей мемлекеті Қазақстаннан тасымалданатын еттерді өздеріне өткізуге байланысты арнайы бағдарлама әзірледі.

Бұл туралы бүгін Үкіметте ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамытуға негізделіп әзірленген жобаға байланысты кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Кеден одағы 2010 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеуде. Осы орайда біз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Ресей 1 млн. 700 мың тонна ірі қара етін импорттайды. Оның негізгі бөлігі Оңтүстік Америка елдерінен жеткізіледі. Атап айтқанда, еліміз үшін бұл нарықта орын алу мүмкіндігі ашылып отыр,-деді вице-премьер.

Оның сөзіне қарағанда, Ресей тарапы мал етін Қазақстаннан, Беларустан және көршілес елдерден жеткізілгенін қалап отыр. «Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы министрліктері осы мәселеге байланысты арнайы алқа мәжілісін өткізді. Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан ет жеткізуге байланысты арнайы бағдарламаны әзірледі. Енді ол етті жеткізуді қамтамасыз етуіміз шарт»,-деді Ө. Шөкеев.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, асыл тұқымды мал басын асырау тиімді екенін айта келе: «Атап айтқанда, тірі салмақта асыл тұқымды ірі қара 500 кг дейін жетеді. Ал, асыл тұқымды емес малдар 300 кг шамасында салмақ жинайды»,-деді.

Сонымен қатар Ө. Шөкеев қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіру мәселесіне тоқтала келе: «Бүгінде елімізде өзіміздің асыл тұқымды ақбас тұқымды сиыр мәселесі төңірегінде көп айтылып жүр. Бүгінде олардың саны өте аз қалды. Егер қазақтың асыл тұқымды ірі қарасына ғана негізделетін болсақ, біз бұл тұқымды өсіруге 30 жыл уақыт жұмсайтын боламыз. Ал 30 жылда бізді сыртқы нарықта кім күтіп отырады»,-деді.