Ресей балаларға арналған қантты сусындар жарнамасына тыйым салуы мүмкін

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Балалардың денсаулығына зиян келтіретін қант қосылған сусындардың жарнамасына тыйым салу қажет. Сонымен қатар, мұндай тәтті газдалған сусындар дүкендерде қызыл түсті баға белгілерімен бөлек сөрелерде орналасуы тиіс. Бұл туралы ТАСС агенттігіне Ресей Қоғамдық палатасы хатшысының орынбасары Владислав Гриб мәлімдеді.

– Зиянды факторларды ескере отырып, балаларға арналған қантты сусындардың жарнамасына тыйым салуды ұсынамын, – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай сусындардың қаптамаларында денсаулыққа зияны туралы ірі әрі көзге бірден түсетін ескертпе жазулар болуы керек.

– Дүкендерде бұл өнімдер бөлек сөрелерде, қызыл түсті бағалармен және шектеулі тұтынуға ұсынылатыны жөнінде ескертпемен тұруы тиіс, – деді Владислав Гриб.

Ол дәрігерлердің қант қосылған сусындардың зияны жөнінде көптен бері айтып келе жатқанын атап өтті. Оның ішінде балаларға жиі ұсынылатын тәтті газдалған сусындар, қаптамадағы шырындар, нектарлар мен морстар бар.

– Қант диабеті, семіздік, тісжегі, сондай-ақ мұндай сусындарға тәуелділік әсері – мемлекет назар аударуы тиіс өзекті мәселелер. Дәрігерлер бұл жөнінде бұрыннан дабыл қағып келеді, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей мемлекеттік Думасында пленарлық отырыстарды фотоға түсіруге тыйым салынды.