Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені тағы да төмендетті

Ресей Банкі директорлар кеңесінің 24 шілдедегі отырысында негізгі мөлшерлемені жылдық 14,25%-дан 14%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: ТАСС

Сарапшылар негізгі мөлшерлеме 14,25% деңгейінде сақталады деп болжаған еді.

Реттеушінің хабарлауынша, маусым айында несиелеу қарқыны аздап баяулаған. Сондай-ақ кәсіпорындар болашақтағы сұраныс пен өндіріс көлеміне қатысты болжамдарын айтарлықтай төмендеткен.

— Сонымен қатар жекелеген салалардағы өндіріс көлемінің уақытша төмендеуі, сондай-ақ сәуір айындағы болжаммен салыстырғанда алдағы үш жылға арналған бюджеттік саясаттың көбірек ынталандыру сипатында болуы негізгі мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді талап етеді, — делінген Ресей Банкінің баспасөз хабарламасында.

Бұл — Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені қатарынан оныншы рет төмендетіп отыр. Бұған дейін, маусым айында, мөлшерлеме 25 базистік тармаққа қысқартылып, 14,25%-ға дейін төмендетілген еді.

Негізгі мөлшерлемеге қатысты келесі отырыс 11 қыркүйекке жоспарланған.

Ресей Банкі алдағы шешімдер инфляцияның динамикасы, инфляциялық болжамдар және ішкі-сыртқы экономикалық жағдайлардағы тәуекелдерді бағалау негізінде қабылданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Ресей жанармай нарығында жаңа салық тетіктерін енгізетінін хабарлағанбыз.