Ресей Башар Асадты Сирияға экстрадициялаудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Дамаскідегі жаңа үкіметтің Ресейге қашып кеткен Башар Асадты экстрадициялау туралы өтінішін қабылдаған жоқ, деп мәлімдеді Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа The New York Times басылымына берген сұхбатында. Бұл туралы DW ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресей Сирияның жаңа үкіметінің Ресейге қашып кеткен президенті Башар Асадты экстрадициялау туралы өтінішін қабылдаған жоқ.
Бұл өтініш Ресей билігіне қаңтар айында жіберілді, деп хабарлады Сирияның уақытша президенті және «Хайят Тахрир аш-Шам» (HTS) жиһадшылар тобының жетекшісі Ахмед аш-Шараа сәрсенбі, 23 сәуірде The New York Times (NYT) газетіне берген сұхбатында.
Бас тартуға қарамастан, Сирияның жаңа әкімшілігі Ресеймен қарым-қатынасты үзуге ниетті емес және «Сирия билігі Кремльмен келіссөздерге ашық», - деп жазды NYT.
- Ресей – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Сирияның қаруы толығымен ресейлік. Сирия ұзақ жылдар бойы сүйенген азық-түлік пен энергиямен қамтамасыз ету бойынша көптеген келісімдер бар, деп мәлімдеді аш-Шараа оның үкіметі «Сирияның осы мүдделерін ескеретінін» баса айтып.
Сириядағы жойқын азаматтық соғыс кезінде Мәскеу Асад режимін қолдау мақсатында елге ұшақтар, кемелер, әскер мен әскери кеңесшілер жіберді, деп еске салды NYT.
- Әзірге біз басқа елдерден негізінен Ресейде шығарылатын сириялық қаруды ауыстыру туралы ешқандай ұсыныс алған жоқпыз, - деп қосты аш-Шараа.
Өткен жылдың соңында Сирияның биліктен қуылған президенті Башар Асад елден армия «соңғы позицияларын беріп» және «барлық мемлекеттік институт сал болып қалғанда» ғана кеткенін мәлімдеді.