Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2007 жылы қарашаның 6-сында РФ Президентінің Ресей аумағынан жаңа ғарыш айлағын салу туралы жарлығы шыққан болатын. Бұл «Восточный» деп аталатын ғарыш айлағы Ресейдің Амур облысында орналасады. Ресейліктер осы ғарыш айлағынан тіпті 2015 жылдың өзінде-ақ адам басқаратын кемесін ұшыруға әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді. Әрине, бұл нақты шындыққа сай мәлімет емес. Дегенмен де, «Восточный» айлағын жүзеге асыруға Ресей белді бекем буып кіріскені анық. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей біздің «Байқоңыр» кешенін қанша жылға дейін пайдаланады деген ой мазалайтыны рас. Тоқтала кететін жайт, дәл бүгінгі күндері Ресей біздің «Байқоңырсыз» ештеңе жасай алмайды. Алайда, Ресей «Байқоңырды» тастап кете қалатындай жағдайға біз дайын болуға тиіспіз, ондай дайындыққа кеш қалуға болмайды», деді Т. Мұсабаев.
Оның айтуынша, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан нақты әрекеттерге барып, «Байқоңыр» ғарыш айлағына тікелей мамандарымен кірігіп, араласпаса, алдағы уақытта теңдессіз ғарыш айлағын игеру уыстан шығуы да мүмкін. «Байқоңыр» - миллиондаған тонна метал қалдықтарына, кезінде теңдессіз саналған мыңдаған қондырғылар қоқысына айналмауы тиіс. Біз уақытылы Ресеймен теңдей дәрежеде «Байқоңырды» дамытуға араласып, жыл сайын өз әлеуетімізді арттыра түсуге тиіспіз. Біздің болжамды есептеріміз бойынша, барлық ғарыштық кешен ресурстарының таусылуына шамамен 10-12 жылдай ғана қалды. Сондықтан да, Қазақстан бүгінгі күні әрекетке көшпесе, алдағы уақытта «бармағын шайнап» қалуы ықтимал», деді Т. Мұсабаев.