Ресей, Беларус және Қазақстан үшін басымдық ДСҰ-ға бірдей шарттармен бір мезгілде кіру болмақ - Игорь Шувалов

МӘСКЕУ. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Ресей, Беларус және Қазақстан үшін басымдық ДСҰ-ға бірдей шарттармен бір мезгілде кіру болмақ.


Бұл туралы бүгін ЕурАзЭҚ Кедендік одағының 7-інші отырысы қорытындысы бойынша РФ үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов мәлімдеді.

 «Егер тараптар басқа бір шешім қабылдамақ болса, біз оған да әзірміз, бұл шешімдер мемлекет басшыларының арасында келісілетін болады», - деді РФ үкімет төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ И.Шувалов отырыс барысында үш ел өкілдерінен жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Біртұтас келіссөз тобын бұрын Ресей атынан ДСҰ-ға кіру жөнінде келіссөздер жүргізіп келген Максим Медведков басқаратын болады.

«Біздің үш мемлекет үшін стратегиялық мақсат - ДСҰ мүшесі ретінде толық форматта қатысу», - деп атап көрсетті И.Шувалов.

Өз кезегінде ҚР бірінші вице-премьері Өмірзақ Шөкеев үш мемлекеттің аумағындағы Кедендік одақ 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап іске кірісетінін айтты.