Ресей биатлон бойынша Әлем кубогынан шеттетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) Атқарушы комитеті 2018-19 жылғы Әлем кубогының кестесіне Ресейде өтетін кезеңді кіргізбеуге шешім қабылдады.

Бұл туралы одақтың сайтында хабарланды.

Әлем кубогының күнтізбесі тоғыз кезеңнен тұрады, оның біріншісі Словенияның Поклюк қаласында 2018 жылдың 3-9 желтоқсаны аралығында, ал соңғысы 2019 жылғы 18-24 наурыз аралығында Норвегия астанасы Ослода өтетін болды. О баста турнирдің соңғы кезеңі 2019 жылғы 25 наурызда Түменде қорытындыланатын болып жоспарланған еді.

 Еске сала кетсек, 2016 жылдың желтоқсанында WADA отыздан астам ресейлік биатлоншы тыйым салынған заттарды пайдаланды деп айыптаған еді. Енді 2017 жылдың наурызында «WADA кодексіне сәйкес емес» деп танылған Ресей Түменде өтуі тиіс 2021 жылғы әлем біріншілігін қабылдау құқығынан айырылды.  

Фото: Андрей Аносов/СБР/ТАСС