Ресей депутаттары балаларға қисынсыз есімдер беруге тыйым салмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ Мемлекеттік думасының депутаттары ата-аналарға өз балаларына қисынсыз есімдер беруге тыйым салмақ.

Бүгін, 26 қаңтар күні Думаның мемлекеттік құрылым және заң шығару жөніндегі комитеті депутаттарға тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауға ұсынуға ниетті, деп жазды «Известия» газеті.

Онда балаға берілетін есімнің сандардан, әріптік белгілерден, сан есімдерден, таңбалар мен олардың кез келген комбинациясынан, қысқартулар мен балағат сөздерден, лауазымдар мен шендер көрсеткіштерінен құралуына тыйым салынған.

Құжатта мәскеуліктер өз балаларына берген ерекше есімдер тізімі көрсетілген: Николай-Никита-Нил, Христамрирадос, Дельфин, Ярослав-Лютобор, Лука-Счастье Саммерсет Оушен, Апрель, Принцесса Даниэлла, Заря-Заряница, Алеша-Каприна, Океана, София-Солнышко.

Сонымен бірге, онда қисынсыз есім берілген 10 жасар баланың тағдыры да айтылған. Ата-анасы 10 жылдан бері БОЧ рВФ 260602 (Биологический объект человека рода Ворониных-Фроловых, родившийся 26 июня 2002 года) атты ұлдарының құжаттарын рәсімдей алмай келеді.