«Ресей» дүкеніне жарылғыш зат қойылды деген телефон лаңкесі қолға түсті - Алматы ІІД

АЛМАТЫ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда осы айдың басында қаланың күш құрылымдары мен төтенше жағдай қызметкерлері «Ресей» дүкеніне жарылғыш зат қойылды деген ақпарат түскен бойда

сауда үйінің әрбір шаршы метрін тексеріп, маңайды түгел дерлік сүзіп шыққан болатын. Күш құрылымдарына осындай «сынақ» тапсыртқан азамат, телефон лаңкесі ақыры қолға түсті, деп хабарлайды Алматы қаласының ІІД-нің баспасөз қызметі.

"Алғашқы қоңырау құтқару қызметіне 10 наурызда түнгі он шамасында келіп түсті. Екінші қоңырау 14 наурыз күні кешкі сағат 7-де шалынды. Шұғыл құрылған арнаулы жедел-тергеу тобы болған екі оқиғаны қатар салыстырып, бір адамның жалған хабары екеніне шүбә келтірмеді. Сол маңайға жақын жерде құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген өзбекстандық азамат көп ұзамай полиция бөліміне жеткізілді. Оны қолға түсірер алдында бірқатар айғақты дәлелдеме құжаттары жиналып, оның дауысына дейін таспаға жазылған аудиожазба тергеу ісіне қатталды. Қолға түскен азамат алғашқы жауап алу кезінде өз айыбын мойындады", - деп хабарлады Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Ғани Жұмағұлов.

Оның айтуынша, ол азамат төтенше қызметтердің жұмыстарын сынамақ болған. "Төтенше қызметтің тиімді жұмыс істейтін білу оның қоңырау соғуына басты себеп болған. Екі мәрте шалынған қоңыраудың салдарынан жиналған күш құрылымдарының сыртынан өзі бақылап көріп жүріпті. Бір көргеннен толық ақылды, дені сау азаматқа қосымша соттық-психикалық сараптау тағайындалды. Бұл азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттары толық болмай шықты. Сол себепті, біз өзбекстандық әріптестермен байланысып, оның өткен өміріне шолу жасауды жөн деп таптық. Қазір Медеу АІІБ-да жалған лаңкестік акті туралы қоңырау шалу оқиғасы бойынша іс қозғалуда», - деді полковник Ғ. Жұмағұлов.