Ресей экономикасы баяулап келеді

Фото: Pixabay.com

МӘСКЕУ.KAZINFORM — Ресей экономикалық даму министрлігінің (ЭДМ) деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Ресей экономикасының өсу қарқыны 1,2%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Росстаттың бағалауынша, Ресей экономикасының өсу қарқынының баяулауы бірінші және екінші тоқсандарда да сақталған. ЭДМ-де атап өткендей, қаңтар-наурыз айларында өсім 1,4% болса, сәуір-маусымда — 1,1%-ды құрады (2024 жылы Ресейдің ЖІӨ 4,3%-ға өскен болатын).
Министрлік Ресей экономикасының салқындауы жалғасып жатқанын және бұған Ресей Банкі жүргізіп отырған қатаң ақша-несие саясаты әсер еткенін айттып отыр.

Сондай-ақ, экономика динамикасына Батыс санкцияларының ықпалы да артып келеді. Олар ресейлік кәсіпорындардың технологиялық жабдыққа қол жеткізуін қиындатты және қолданыстағы өндірісті жаңғырту процесін тежеді. Сонымен қатар, сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік байқалады: сұраныстың төмендеуі кадр тапшылығы аясында ұсыныстың шектелуімен қатар жүргізіліп отыр.

Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжау орталығы (МТҚБО) Ресей ЖІӨ өсімінің нөлге жуық қарқыны рецессияның жақындап қалғанын білдіретінін ескертеді. Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылы Ресей экономикасының өсімі «нөлге жуық» болуы мүмкін.