Ресей ЭКСПО сияқты шараларды өткізуде Қазақстанның тәжірибесіне сүйенбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің сәтті өтуіне байланысты құттықтауын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астанаға сапарымды пайдалана отырып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің табысты өтуіне байланысты Қазақстан халқы мен Үкіметіне құттықтауымды жеткіземін. Бұны біз үлкен жетістік деп пайымдаймыз. Сондықтан сіздерден осындай керемет шараларды өткізуді үйренуге ниеттіміз. Атап айтқанда, «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұрасы Қазақстанның, Астананың дамуы үшін қосымша тың серпін береді деп үміттенеміз», - деді ол XI Еуразиялық KAZENERGY форумы барысында.

Оның айтуынша, «ЭКСПО-2017»  көрмесін өткізудің орны мен тақырыбы өте лайықты таңдалды. «Тұрақты энергетикалық болашақты қамтамасыз ету - ол жалпы әлемдік қоғамдастықтың тұрақты дамуының ең негізгі талаптарының бірі», - деп атап өтті Аркадий Дворкович.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жексенбі, 10 қыркүйек күні «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанаты өтеді.

Жабылу салтанатының ресми бөлімі Конгресс орталығында өтеді деп жоспарланған. Дегенмен, ол Амфитеатр сахнасында тікелей трансляциямен (20:00-ден 20:50-ге дейін) көрсетіледі. 10 қыркүйекте көрме штаттық режимде қызмет етеді, барлық павильондар қонақтарды 09:30-дан 20:00-ге дейін қабылдайды.

Естеріңізге салайық, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымында басталған болатын. Оның «Болашақ энергиясы» тақырыбы энергетика саласының қазіргі кездегі жаһандық мәселелерін қамтиды. Көрмеге баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысуда.