Ресей Федерациясы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге байланысты Қазақстанның қолға алған іс-шаралары үшін алғыс айтады - Елші
Бүгін Астанада басталған «Ломоносов - 2010» ғылыми конференциясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарников осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде біздің елдерде Ұлы Отан соғысының маңыздылығын сақтау және оның тарихи тағылымын кеңінен насихаттау мәселесіне баса назар аударылып, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіп келеді. Осы орайда біз, яғни Ресей Федерациясы, Қазақстан халқына, оның басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз алғысымызды айтамыз. Әсіресе, Сіздердің Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге байланысты қолға алған мерекелік іс-шараларыңызға ризамыз. Сондай-ақ біз Қазақстан үкіметінің Отан соғысы ардагерлеріне көрсетіп жатқан қамқорлығына үлкен құрметпен қараймыз. Бұның бәрі екіжақты достық пен Ұлы Отан соғысының тарихи маңыздылығын жете түсінудің айқын көрінісі болса керек», - дейді М.Бочарников.