Ресей Федерациясына визасыз кірудің жаңа ережелері жарияланды

Фото: inbusiness.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшілігі елге кіруге қатысты үндеу жариялады.

2025 жылғы 30 маусымнан 2026 жылғы 30 маусымға дейін Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу бекетінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресей Федерациясына кіру және шығу тәртібін сынақтан өткізуге бағытталған эксперимент жүргізіледі. Бұл ережелер экспериментті ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, визасыз тәртіппен Ресей Федерациясына кірмекші болған шетел азаматтарына бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде (ЕСИА) алдын ала тіркеуден өту және «ruID» мобильді қосымшасы арқылы Ресейге кіру туралы өтінішті электрондық түрде ұсыну ұсынылады.

Жаңа тәртіп — Ресейге кіретін шетел азаматтарын тіркеудің эксперименттік тәртібі — Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы азаматтарының өзара визасыз сапар режимінің өзгерісі емес. Сонымен қатар, «ruID» қосымшасын пайдаланып, Ресейге кіру туралы өтінішті толтыру — ерікті сипатта екенін еске саламыз.

Кіру туралы өтініштің болмауы Ресей шекарашыларының бақылау жүргізуіне әсер етпейді. Дегенмен, қосымша арқылы тіркеуден өтуді ұсынамыз, өйткені бұл сізге Ресей аумағында мемлекеттік онлайн қызметке, ресейлік ұялы байланыс операторларының қызметіне төлем жүргізу мүмкіндіктеріне және басқа да артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қосымшамен жұмыс істеу тәртібі мен оның мүмкіндіктері туралы толық ақпарат Ресей Федерациясының Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігінің жаңартылған материалдарында баяндалған.

Жаңа ережелерге сәйкес, кіру туралы өтініш алдын ала — сапардан 72 сағат бұрын және 90 күннен ерте емес мерзімде берілуі тиіс. Шұғыл жағдайларда (мысалы, туысының сырқаттануы немесе қайтыс болуы) өтінішті 4 сағат ішінде ресімдеуге болады, ол үшін арнайы жағдайды растайтын құжатты ұсыну қажет.

Өтініш беру үшін «ruID» қосымшасын орнатыңыз (қосымшалар дүкенінде 2025 жылғы 24 маусымға дейін қолжетімді) және тіркеліңіз. Егер сізде Ресейдің мемлекеттік қызметтер порталында аккаунтыңыз бар болса, онда «ruID» қосымшасына сол логин мен құпиясөз арқылы кіре аласыз.

Өтініште келесі ақпаратты көрсету қажет:

— қай елден шығасыз;
— сапар мақсаты мен мерзімі;
— Ресейдің қай өңірлеріне баруды жоспарлап отырсыз;
— бірге саяхаттайтын жақындарыңыз туралы мәлімет (балалардың дерегін екі ата-ана да көрсетуі керек).

Қосымша арқылы биометриялық деректі тапсыруға болады, яғни бет фотосы, төлқұжат және дауыс жазу. Егер сіздің биометриялық деректеріңіз бұрын Ресейде тіркелген болса, онда өтінішті мемлекеттік қызметтер порталы арқылы да беруге болады, сапар туралы ақпаратты көрсетіп, бетіңіздің суретін жіберу жеткілікті. Шекарадан өткен кезде сіз қосымшада көрсеткен жеке басыңызды куәландыратын құжатты көрсету қажет.

Ресейге кіргеннен кейін 10 күн ішінде Бірыңғай биометриялық жүйеде (ББЖ) биометриялық тіркеуді аяқтау қажет, ол үшін жеке басыңызды куәландыратын құжаттармен банк бөлімшесіне баруыңыз керек.

Сондай-ақ, Ресей аумағында орналасқан қызмет көрсету орталығына немесе ХҚКО-ға (МФЦ) барып, Мемлекеттік қызметтер порталындағы аккаунтыңызды растау ұсынылады. Бұл арқылы сіз:

◾️барлық қолжетімді мемлекеттік онлайн қызметті пайдалана аласыз;
◾️ресейлік SIM-карта ала аласыз;
◾️айыппұлды, салық берешектерін және мемлекеттік бажды төлей аласыз.

— Назар аударыңыз, визалық режиммен, оның ішінде бірыңғай электрондық виза арқылы Ресейге кіру тәртібі өзгеріссіз қалады, — деп ескертеді елшілік.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей тарапынан 30 маусымнан бастап енгізілетін шекаралық бақылаудың жаңа талаптарына қатысты пікір білдірді. 

Еске салайық, 30 маусымнан бастап Ресейге кіру үшін кемінде 72 сағат бұрын RuID платформасы арқылы электронды өтініш беру және бірегей QR-код алу қажет болады. Шекарадан өту кезінде саусақ іздерін тапсырып, суретке түсіп, биометриялық сәйкестендіруден өту де талап етіледі.