Ресей газды Қытайға Қазақстан аумағы арқылы экспорттай алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ресейлік газды Қытайға жеткізу үшін өзінің магистралін беруге дайын. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Қ. Бозымбаев, өз кезегінде Қазақстан да өз газын Қытайға экспорттай алатындығын атап өтті.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі салынды және экспортталуда. 5 млрд текше метр газ эспортталып үлгерді. Оның ішінде 2 млрд текше метрі 2016 жылы тасымалданды. Биыл газ құбырының жобалық қуаты 10 млрд текше метрге дейін жеткізіледі. Егер кезекті келісімдерге қол қойылса, отандық газдың бір бөлігін Қытайға экспорттауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Қытайға жолданатын ресейлік газдың транзитін қазақстандық магистральдар арқылы жеткізу мүмкіндігі де қарастырылуда», - деді Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, тәуелсіздік жылдары ішінде елде ауқымды газ тасымалы жүйесі құрылды. Жаңа экспорттық және транзиттік маршруттар ашылды. 18 мың шақырым магистральді және 30 мың шақырым үлестіру газ құбырлары салынды.