Ресей Израиль мен Иранға арағайындық жасауға дайын

Фото: Видеодан алынған скрин

МӘСКЕУ. KAZINFORM – РФ президенті Владимир Путин Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесіп, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстыталқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хабарламада В.Путин Ресейдің тараптар арасындағы диалогты ілгерілету үшін арағайындық жасауға әзір екені және осыған байланысты бірқатар шетелдік көшбасшымен байланысқа шыққаны туралы айтылған.

Тараптар Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ушығуына қатты алаңдаушылық білдірді.

Сонымен қатар, мемлекет басшылары Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты пікір алмасты. Олар Израиль мен Иран арасындағы соғыс әрекеттерін тез арада тоқтатудың маңызды екенін және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты даулы мәселелерді реттеу үшін саяси-дипломатиялық күш-жігерді жандандыру қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігі Иран-Израиль қақтығысына қатысты мәлімдеме жасағанын хабарлаған болатынбыз.