Ресей, Қазақстан және Беларус бас прокурорлары Кеден одағы шеңберінде күш біріктіруді қолға алуда
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының Халықаралық ынтымақтастық департаментіне сілтеме жасап.
Қыркүйектің 15-і күні Мәскеу қаласында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің (ТМД БПҮК) кезекті отырысы өтті. Мәскеулік отырыс шеңберінде Қазақстан, Ресей және Беларус бас прокурорларының қатысуымен үшжақты кездесуі болып, онда олар Кеден одағы шеңберінде күш біріктіру мақсатында Кеден одағына мүше мемлекеттер Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесін құру туралы шарт жасасты. Осы органды құру жөнінде жұмыс тобы жасақталды.
Ресей Федерациясының Бас прокуроры Юрий Чайканың төрағалық етуімен болған ТМД БПҮК кезекті отырысына Әзірбайжанның, Арменияның, Беларустың, Қазақстанның, Қырғызстанның, Молдованың, Тәжікстанның және Украинаның бас прокурорлары және бас прокурорларының орынбасарлары қатысты. Қазақстандық делегацияға ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми басшылық жасады.
Отырыс барысында терроризмге және экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, адам саудасына қарсы күрес, заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету мәселелері талқыланды.
ТМД БПҮК міндеттеріне азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтуда, қылмысқа қарсы күресте келісу, күштерін біріктіру, әрекеттерін үйлестіру және ынтымақтастығын кеңейту, ұлттық заңнамаларды жақындастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, ТМД шартты-құқықтық базасын дамытуға қатысу кіреді.