Ресей Қазақстанға төрт Амур жолбарысын сыйға тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға төрт Амур жолбарысы тарту етілді. Осылайша, Қазақстан жыртқыштарды табиғи мекеніне қайта бейімдеген алғашқы ел болады.

Фото: pexels

Тұран жолбарысын Қазақстанға қайта жерсіндіру үшін Амур жолбарысы неге қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. 2009 жыл мен 2017 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер екі жыртқыштың ДНҚ-сы бірдей екенін көрсеткен.

Бұған дейін РФ Президенті Владимир Путин «Еgemen Qazaqstan» газетіне жарияланған мақаласында Хабаровск өлкесінде екі жолбарыс және оның екі күшігі арнайы ауланып, Қазақстанға жеткізілгенін жазған еді. Қазір екі елдің ғалымдары Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығында бұл жануарларды жергілікті жерге бейімдеу үшін бірлесе жұмыс атқарып жатыр.

Бүгін Тәуелсіздік сарайында өткен кездесуде Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов бейімделу кезеңі өтетінін, алдағы екі ай бойы жолбарыстар бақылауда болатынын айтты.

– Себебі оның қорегі де, климаты да өзгерді. Неліктен біз бұл жұмысты дәл Қазақстанмен бірге жүргізіп жатырмыз? Өйткені ғалымдар кезінде жойылып кеткен Тұран жолбарысының сақталған үлгілерінен ДНҚ жасушаларын алып зерттеді. Нәтижесінде олардың біздің Амур жолбарыстарымен бірдей екені анықталды. Екеуі – бір популяция. Жергілікті тұрғындарға қауіп төнбейді. Әріптестеріміз бұл бағытқа өте жауапкершілікпен қарады. Арнайы аумақ бөлініп, бақылау жүргізетін мамандар тобы жасақталды. Олардың бұл жобаны шын мәнінде іске асырғысы келетіні көрініп тұр. Бұл өте маңызды. Біздің ғалымдармен бірге олар бұл істі сәтті атқаратынына сенімдімін, – деді Ресей министрі агенттікке берген сұхбатынд

Фото: Алматы әкімдігі

Жолбарыс қалай жойылды

Қазақстан – жолбарыстың тарихи мекені. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл жыртқыш Орталық Азия аумағында кеңінен таралған еді. Алайда шектен тыс аңшылық пен орман-тоғайлардың жойылуы салдарынан жолбарыстар да біртіндеп жоғала бастады. Ресми деректерге сәйкес, Орталық Азияда жолбарыстың соңғы рет кездесуі 1970 жылдары тіркелсе, Қазақстанда соңғы мәрте 1948 жылы байқалған.

Осыған байланысты өткен ғасырда жойылып кеткен жыртқышты Қазақстан аумағында қайта жерсіндіру мақсатында Қазақстан, Ресей және өзге елдердің ғалымдары 2017 жылы арнайы бағдарлама әзірледі. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі бағдарламаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Жалпы жобаны қаржыландыру көлемі шамамен 30 миллион долларды құрайды. Бағдарлама кемінде 35 жылға жоспарланған және үш кезеңнен тұрады: аумақты дайындау, жолбарыстарды табиғатқа жіберу және олардың санын бақылау. Қазіргі уақытта алғашқы кезең аяқталып, екінші кезең іске асырылып жатыр.

Жолбарыстарға қолайлы мекен ретінде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты таңдалып, 2018 жылы арнайы қорық құрылды. Оның аумағы 450 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда жыртқыштың қорек базасын қалыптастыру үшін 119 құлан әкелініп, 200-ден астам бұхар бұғысы жіберілген. Сондай-ақ жабайы қабан мен қарақұйрық саны да көбейген.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Екі Амур жолбарысы Нидерландыдан жеткізілді

Бүгінгі таңда резерват аумағында екі Амур жолбарысы — Кума атты аталық және Богдана атты аналық жолбарыс тіршілік етуде. Бұл жыртқыштар 2024 жылы қыркүйекте Нидерланд мемлекеті Landgoed Hoenderdaell зоопаркінен жеткізілген.

Алдымен жыртқыштар 21 күн карантинде ұсталды. Одан кейін арнайы тасымалдау контейнерлері арқылы Франкфурт қаласына жетті. Сосын ұшақпен Алматы қаласына келді, кейін тікұшақ арқылы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жеткізілді. Қазір Амур жолбарыстарын бейімдеу процесі жоспарға сәйкес сәтті өтіп жатыр. Жыртқыштар тұрақты қоректеніп, сабырлы мінез-құлық танытып жүр. Олар Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделіп келе жатыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Амур жолбарыстары әзірге жабайы табиғатқа жіберілмейді. Алдымен климатқа толық үйрену үшін оларға 10 гектар аумақта вольерлік кешен салынған. Оның айналасы биіктігі үш метрлік қоршаумен қоршалған. Кешен ішінде 0,5–0,75 гектар болатын тағы алты жеке вольер бар. Әрқайсысының қоршауы алты метр биікке жетеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы резерватта туған күшіктер табиғи ортаға кезең-кезеңімен жіберледі.

— Вольерлерде жануарлардың жаңа ортаға бейімделуіне барлық жағдай жасалған. Әрқайсысы жылыту жүйесімен, жасанды бассейндермен және қауіпсіз тасымалдауға арналған қақпалармен жабдықталған. Жануарлардың жағдайын 24/7 бақылайтын бейнебақылау жүйесі де бар. Оларды табиғи ортаға жіберу ғылыми деректер мен халықаралық сарапшылардың шешімімен қабылданады. Болашақта табиғатқа жіберілген әр жануарға спутниктік GPS-қарғыбау тағылады. Жүйе арқылы жолбарыс елді мекендерге жақындаса, жауапты мамандарға автоматты түрде сигнал жіберіледі. Жануарларды қадағалау тәулік бойы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының бақылау орталығы арқылы жүргізіледі, — дейді министрлік.

Жолбарыстың экологиялық ахуалға да орасан зор пайдасы бар.

— Жолбарыстарды табиғи ортаға қайта жерсіндіру тек жануарларды сақтау емес, экожүйені табиғи қалпына келтіру үшін де маңызды. Бұл жыртқыш бұрынғы табиғи үйлесімді қалпына келтіріп, басқа жануарлар мен өсімдіктердің де қайта оралуына жол ашады. Қазақстандағы бағдарлама тарихи жолбарыс таралған аймақты, оның ішінде кең жайылымдық экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған. Сонымен бірге, бұл биоалуантүрлілікті сақтау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға және Балқаш ауданы мен Алматы облысының экотуризмін дамытуға мүмкіндік береді, — деп жазылған министрлік мәліметінде.

Фото: nature.kremlin.ru

Тұрғындар қауіпсіздігі қалай күзетіледі

Алғашқы популяцияны қалыптастыру үшін кең далаға кезең-кезеңімен 15–20 шақты жолбарыс жіберіледі. Ведомство дерегіне сәйкес, негізгі мақсат — өздігінен көбейе алатын шамамен 50 жолбарыстан тұрақты популяция құру. Ал бұл Балқаш маңында өмір сүріп жатқан тұрғындарға кедергі келтірмей ме? Бұл мәселе бойынша да министрлік арнайы зерттеу жүргізген.

— Адам мен жолбарыс арасындағы қақтығысты болдырмау үшін толық бағдарлама әзірленген. «Іле-Балқаш» мемлекеттік резерватында арнайы топ құрылды. Жыртқыштардың табиғаттағы қозғалысы GPS-қарғыбау құрылғылар арқылы бақыланады. Мамандар жануарларды қорқыту әдістеріне үйретіп, қажет болған жағдайда оларды ұстау және бейтараптандыру үшін арнайы топ жұмыс істейді, — деп жазылған министрлік хабарламасында.

Жолбарыстан туындайтын кез-келген шығынды өтеу үшін «компенсациялық қор» құрылған. Жабайы мысықтар тәулік бойы бақылауда болса да, алда жалда тұрғындардың малы зардап шексе, осы қор арқылы әр жараланған жануардың құны үшін өтемақы төленеді.

Одан бөлек, 2025 жылдың мамыр айында жергілікті тұрғындар үшін «ашық желі» іске қосылды. Мұнда жолбарысқа қатысты кез келген сұрақты қоюға болады. Сондай-ақ тұрғындар мал жайлау алаңдарын қосымша қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін электр қоршау құралын алуға өтініш қалдыра алады. Арнайы бағдарлама әзірленіп, ол әрбір тұрғын үй немесе елді мекеннен 5 шақырым қашықтыққа жолбарыс жақындаған жағдайда жеке хабарлама жібереді. Барлық қауіпсіздік шаралары жергілікті тұрғындармен «Іле-Балқаш» мемлекеттік резерватының басшылығы өткізетін кездесулерде талқыланып, бірлескен шешімдер қабылданған.

Осылайша қазақ даласында Тұран жолбарыстарының тіршілігі қайта басталды. Ал болашақта Іле–Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында 50-ге жуық жолбарыс мекендейтін болады.

Айта кетейік, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.

Бұған дейін Kazinform тілшісі екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі даму үрдістері мен алдағы перспективасына шолу жасаған еді.