Ресей Қазақстанмен Байқоңырда туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын

None
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Байқоңыр қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-2017 шеңберінде туризмді дамыту жөнінде берген тапсырмасы аясында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев Ресей Федерациясы Федералды ғарыш агенттігінің төрағасы Олег Остапенкомен кездесу өткізді. Бұл туралы қазақстандық ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында Байқоңыр қаласында «Ғарыш айлағы» кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаның тұсаукесері болып өтті. Жобаның негізгі мақсаты - туристер және ғарыш айлағының қонақтары үшін қауіпсіз, ыңғайлы, қызықты жағдайлар жасау. Жоспарланған нысанға кеңсе ғимараттары, қонақүй кешені және сауда-ойын сауық аймағы кіреді.

Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласының әкімшілігі салынып жатқан кешен айналасынан саябақ аймағын салу үшін қосымша 10 Га жерді жалға беруді жоспарлап отыр. Байқоңыр әкімшілігі ғарыш айлағына туристік бағыттарды дамытуға дайын екенін мәлімдеді, сынау-монтаждау кешенін демонстрациялау мүмкіндігі қарастырылуда. Туристік жобаларды іске асыру үшін инвесторлардың қаржысын тарту жоспарлануда.

Тараптар келесі кездесуді 2014 жылдың басында өткізу туралы келісті, онда туризмді дамыту саласындағы соңғы құжаттарға қол қою жоспарлануда.