Бұл туралы агенттіктің тілшісі Ресей Қаржы министрлігі сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов Ресей–Қазақстан шекарасындағы «Маштаково» өткізу бекетіне барып, СПОТ жүйесінің дайындығын тексерді.
Министр бақылау бекетінің бағдарламалық жабдықталуын және көлік ағынын тексеру тәртібін бағалады.
Антон Силуановтың айтуынша, жүйе көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған.
СПОТ ең алдымен импорттаушы компаниялардың шынайылығын, тауар айналымын және жанама салықтардың төленуін бақылауға мүмкіндік береді.
Жүйе 1 маусымнан бастап толық өндірістік режимде жұмыс істей бастайды.
Министрдің мәліметінше, Ресей Федералдық кеден қызметі мен Ресей Федералдық салық қызметі жүйені толық іске қосуға дайын.
Тексеру барысында мобильді топтардың жұмысы да назарға алынды.
Олар тасымалдаушылардағы QR-кодтың болуын, алдын ала тіркелген жүк туралы мәліметтердің құжаттардағы ақпаратпен сәйкестігін тексереді.
Ресей тарапының мәлімдеуінше, бұл рәсім бірнеше минут қана алады және көлік қозғалысына кедергі келтірмейді.
Сондай-ақ жүйе адал сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін шекарада кептеліс туғызбай, жүк ағынын бақылауға мүмкіндік береді.
СПОТ жүйесі биылғы 6 сәуірден бері сынақ режимінде жұмыс істеп келеді.
Жүйе арқылы кәсіпкерлер алдағы жүк жеткізілімі туралы алдын ала ақпарат енгізіп, импорттың заңдылығын растайтын арнайы QR-код алады.
Осыған дейін Ресейдің құрылыс саласында қағаз құжат енді қолданылмайтын болатыны туралы жаздық.