Ресей Қазақстаннан балмұздақ әкелуге уақытша шектеу қойды

МӘСКЕУ.KAZINFORM - Ресейдің Ауыл шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау жөніндегі федералдық қызметі («Россельхознадзор») қазақстандық «Шин-Лайн» компаниясының үш өндірістік кәсіпорны шығаратын балмұздақтың сертификатталуын уақытша тоқтатты. Бұл аталған өнімнің Ресейге жаңа жеткізілімдерін уақытша тоқтатуды білдіреді, деп хабарлайды агенттік тілшісі ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

Фото: Anadolu

2026 жылғы 30 қыркүйекте РФ Ауыл шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау жөніндегі федералдық қызметі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне ресми үндеу жолдады. Ресей тарапы 1 қазаннан бастап «Шин-Лайн» ЖШС-нің үш кәсіпорнында өндірілетін балмұздаққа ветеринариялық сертификаттар беруді уақытша тоқтатуды сұрады.

«Россельхознадзордың» үндеуінде көрсетілгендей, Ресей тарапы компанияның Ресей нарығына өнім жеткізетін үш өндірістік алаңы туралы ақпаратты Қазақстаннан сұратқан. Шешім қабылданған кезде сұратылған мәліметтер ұсынылмаған.

Осыған байланысты «Россельхознадзор» қажетті ақпарат алынғанға және ресейлік ведомство мамандары тексеру жүргізгенге дейін сертификаттауды уақытша тоқтатуды ұсынды.

Осылайша, өнімді Ресейге жеткізу үшін қажетті жаңа ветеринариялық сертификаттарды рәсімдеу уақытша тоқтатылады.

2026 жылғы 1 қазанға дейін қоса алғанда жөнелтілген балмұздақ партиялары Ресей шекарасынан әдеттегі тәртіппен өткізілуі тиіс.

Сондай-ақ «Россельхознадзор» Ресейдің өңірлік ветеринариялық қызметтеріне және аталған өніммен жұмыс істейтін сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қабылданған шешім туралы хабарлауды тапсырды.