Ресей кескіндеме өнерінің танымал өкілдері - Астанада

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ресейдің заманауи көркемсуреті» атты көрме ашылды.

Онда астаналық тұрғындардың назарына «Эрарта» заманауи өнер музейінің жинағынан Ресей суретшілері ұсынған 60 туынды қойылып отыр.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министерлігі мен РФ Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі және «Эрарта» заманауи өнер музейі бірлесіп өткізіп отыр.

«Ресейдің заманауи көркемсуреті» атты көрме арқылы Ұлттық музей ҚР мәдениет саясатының тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын «Әлемдік мәдениет және заманауи өнер» жобасын ашады.

«Ресейдің заманауи көркемсуреті» атты көрмеге 28 суретшінің жұмысы қойылған. Олардың арасында Валерий Лукка, Анатолий Заславский, Феликс Волосенков, Елена Фигурина, Николай Сажин бастаған қалыптасқан танымал тұлғалар мен Виталий Пушницкий, Илья Гапонов, Александр Дашевский сынды жас суретшілер бар. Көрмеге Владимир Овчинников, Владлен Гаврильчик, Анатолий Басин секілді ленинградттық суретшілердің туындылары енгізілген. Мұнда Ресейдің өзекті өнерін танытып жүрген аймақтық суретшілер краснодарлық Владимир Мигачевтің, новосібірлік Максим Каеткин мен Владимир Фатеевтің, липецкілік Юрий Татьяниннің де суреттері ұсынылған.

Эрарта музейінің кураторы Владимир Назанскийдің ойластыруы бойынша, көрме экспозициясы шартты түрде мынадай бөлімдерге бөлінген: «Идентификация», «Экспрессионизм», «Жаңа байыптылық», «Мүлтіксіз кескіндеме». Алайда барлық көркемсуреттер ұсынылған құрылыммен сәйкес келе бармейді. Себебі олар жеке дара визуалды тәжірибені көрсетеді.

«Эрарта» заманауи өнер музейінің негізі 2010 жылы қаланған. Ол Ресейдің мемлекеттік емес ірі музейлерінің бірі болып табылады. Оның қорында Ресей мен оған жақын шет мемлекеттердегі суретшілердің 2300 жұмысы бар. Музей коллекциясының негізін Ленинград-Петербург кескіндеме және монументалды өнер мектебіне қарасты Санкт-Петербург cуретшілерінің жұмысы құрайды.

«Ресейдің заманауи көркемсуреті» атты көрме музейге келушілерді Ресейдің заманауи кескіндеме өнерінің жарқын өкілдерімен таныстырмақ. Көрме 29 наурызға дейін жалғасады.