Ресей Қырғызстаннан әскери базасын шығаруға дайын - Путин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей кез келген уақытта Қырғызстан аумағында орналасқан әскери базасын әкетуге дайын. Бұл туралы РФ президенті Владимир Путин Бішкекте Қырғыз Республикасының басшысы Алмазбек Атамбаевпен кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды «Кабар».

Оның атап өтуінше, Кант қаласындағы әскери база 1999-2000 жылдары сол кездегі Қырғызстан басшылығының өтініші бойынша Ауғанстан аумағынан шекара асып келіп, лаңкестік актілерін ұйымдастырған содырлардың әрекетіне тосқауыл қою мақсатында құрылған.

«Бұл шаралар халықаралық террористермен тиімді күресу үшін қабылданған еді», - деп атап өтті РФ президенті.

Путиннің айтуынша, егер Қырғызстан алдағы уақытта қарулы күштерін нығайтатын болса, Ресей бірден әскери базаны шығарады. Сондай-ақ ол Ресей базасы Қырғызстанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қажет екеніне тоқталды.

Ал Қырғыз Республикасының Президенті  Алмазбек Атамбаевтың айтуынша, бүгінгі кездесуде республика аумағындағы ресейлік әскери базаны нығайту мәселесі талқыланған жоқ.

«Ерекше атап өткім келетін жайт, Ресей, керісінше, біздің қарулы күштерімізді нығайтуға ниетті», - деді А. Атамбаев.