Ресей ІІМ: алаяқтар өздерін атқарушы органдардың басшылары болып таныстырады

Фото: https://sgpress.ru/

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Ресейде алаяқтардың WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде жалған аккаунттар ашып, өздерін өңір басшылары, аймақтық заң шығарушы және атқарушы билік органдарының өкілдері, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жетекшілері ретінде көрсету оқиғалары жиілеген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

РФ ІІМ Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимылды ұйымдастыру басқармасының Telegram-арнасында жария етілген мәліметінше, бұл тұлғалардың атынан азаматтарға хабарлама жіберіледі. Кейде «сенімділік» үшін дипфейк технологияларын қолданып, қысқа бейнеқоңырауды пайдаланады және өтірігін жасыру үшін «байланыс сапасының нашарлығын» сылтауратады.

Сонымен қатар, кейін қаскөйлер азаматқа құқық қорғау органдарымен маңызды әңгіме болатынын ескертеді. Осыдан кейін құпиялылықты тексеру және заңсыз ұйымдарды қаржыландыру фактілерін анықтау сылтауымен азаматқа психологиялық қысым көрсетіліп, оны алаяқтарға ақша беруге мәжбүрлеу көзделеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғаны хабарланған еді.