Омбыда Ресей мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер даярланады

Ресейдің Омбы қаласында этникалық қазақтар саны артып келеді. Осыған орай көрші елдегі бірнеше мектепте қазақ тілі факультативтік пән ретінде оқытылып жүр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алдағы уақытта мектептерде кәсіби білім беруге қабілетті жоғары білікті мұғалімдерді оқыту үшін қазақ және орыс тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламасы жүзеге аспақ.

Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-не Ресейдің Омбы педагогикалық университетінен келген ресми өкілдер мәлімдеді.

Атап айтқанда, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, доцент Ирина Геращенко, халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Людмила Бевзюк, орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Евгений Виданов, Аркадий Петрусевич.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ресейлік ғалымдарды университет басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева қабылдап, әріптес ЖОО-мен ынтымақтастық келісімшартты жаңарту, академиялық ұтқырлық, тағылымдама және халықаралық бағдарламалар мен жобалар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мәселелерін талқылады.

Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры А.Құдышева, кафедра меңгерушілері Д. Байғұтова мен Э.Орынбетоваға әріптес ЖОО-ның орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Е.Виданов, А. Петрусевичпен бірге жаңа жобаны жүзеге асыруға байланысты біршама міндеттер жүктелді.

Бүгінде ОҚПУ жоғары білім мен ғылымды интернационалдандыру саясатын қарқынды жүзеге асырып жатыр.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Университет әлемнің түрлі аймақтарының, атап айтқанда, Еуропа одағының, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД елдерінің 100-ден астам жоғары білім және зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандум мен халықаралық келісімдерге қол қойған.