Ресей мектептерінде тәртіпке баға қою жүйесі енгізіледі

МӘСКЕУ.KAZINFORM – Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ресейдің жеті өңірінде мектептерде тәртіпке баға қою жүйесі пилоттық режимде енгізіледі. Бұл туралы «Известия» мультимедиялық ақпараттық орталығында (МАО) өткен баспасөз мәслихатында Ресейдің Ата-аналар комитеттері мен қауымдастықтары төрайымы Ольга Леткова мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі «Известия» басылымына сілтеме жасап.

Фото: Pixabay.com

Спикердің айтуынша, бастама Новгород, Ярослав, Тула, Ленинград облыстарында, Луган халық республикасында, Шешенстан мен Мордовияда іске асырылады. Барлығы 84 білім беру ұйымы жобаға қатысады.

Мектептер балалардың тәртібін бағалау тәсілін өздері таңдайды. Үш нұсқа ұсынылған: екі деңгейлі (өтті/өтпеді), үш деңгейлі (үлгілі, қабылдауға болатын, қабылдауға болмайтын тәртіп) немесе бес деңгейлі («өте жақсы», «жақсы», «қанағаттанарлық», «қанағаттанарлықсыз», «мүлдем қанағаттанарлықсыз»). Эксперимент қорытындысы бойынша осы модельдердің бірі бекітіледі.

Тәртіпке бағаны сынып жетекшісі, баламен жұмыс істейтін мұғалімдер мен білім беру ұйымы әкімшілігінің пікірін ескере отырып қояды. Бағалау критерийлері: тәртіптілік, оқушылар мен ересектермен қарым-қатынастағы мәдениет нормаларын сақтау, әлеуметтік белсенділік және заңға сай мінез-құлық.

Төмен баға алған жағдайда шағымдану механизмі әзірге жарияланған жоқ.

Ресей Білім министрлігінде атап өткендей, болашақта тәртіпке қойылған баға оқу орнын бітіру құжатында (аттестатта) көрсетілуі мүмкін. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – оқушылардың саналы тәртібін нығайту. Бірінші кезеңде бір жыл бойы 1-8 сынып оқушыларының тәртібі бағаланады. Жоғары сынып оқушылары емтихан алдындағы артық стрессті болдырмау үшін бұл жүйеден босатылды.

Қалған мектептерде бұрынғыдай ереже бұзғаны үшін қолданылатын жауапкершілік шаралары сақталады. Қолданыстағы тәртіп бойынша, мектеп жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін және тәртіп талаптарын орындамаған оқушыларға ескерту, сөгіс немесе мектептен шығару шаралары қолданылуы мүмкін. Бұл шаралар балабақша тәрбиеленушілеріне, бастауыш сынып оқушыларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолданылмайды. Ал оқудан шығару тек 15 жасқа толған соң ғана мүмкін болады. Сондай-ақ, оқушыларды науқастанып жатқанда, каникул кезінде, академиялық демалыста немесе жүктілік демалысында жазалауға болмайды.

Еске сала кетейік, КСРО-да тәртіпке баға қою жүйесі болған, бірақ ол 1989 жылы алынып тасталған. 2024 жылғы 10 желтоқсанда Азаматтық қоғамды және адам құқықтарын дамыту кеңесінің отырысында мектептерде тәртіпке баға қоюды қайтару ұсынылды. Президент В. Путин бұл идеяны қолдап, мұндай бағалар пәндік бағалармен тең болуы керектігін және бағалау критерийлерін Ресей білім академиясы бекіте алатынын атап өтті.