Ресей мемлекеттік думасының спикері Қазақстанға келеді
06:41, 12 Желтоқсан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин жұмыс сапарының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеспек, деп хабарлайды Риа Новости РФ мемлекеттік думасындағы дереккөзіне сілтеме жасай отырып.
Володин үшін бұл РФ парламентінің төменгі палатасының төрағасы ретінде халықаралық деңгейдегі алғашқы ресми сапары.
«Сапар барысында дүйсенбі күні Володин Назарбаевпен және Қазақстанның Парламенті Мәжілісі мен Сенатының төрағалары Нұрлан Нығматулинмен және Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеспек. Тараптар екіжақты мемлекетаралық және парламентаралық қарым-қатынастардың одан әрі даму барысын талқыға салмақ»,-делінген хабарламада.
Өз кезегінде РФ делегациясының құрамына кіретін мемлекеттік думаның көлік және құрылыс комитетінің төрағасы Евгений Москвичев журналистерге кездесу барысында көлік мәселесі де, нақтырақ айтқанда Жібек жолы жобасына қатысты да жәйттердің талқыға салынатынын айтты.