Ресей мен КХДР шекарада жаңа автомобиль көпірі арқылы қозғалысты ашты

МӘСКЕУ.KAZINFORM - Ресей мен КХДР Туманная өзені арқылы өтетін, Ресейдің Приморье өлкесі мен Солтүстік Корея аумағын жалғайтын жаңа көпір арқылы автомобиль қозғалысын ашты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Фото: ТАСС

Көпір екі ел арасындағы алғашқы автомобиль өткелі болды. Ол 1959 жылдан бері Ресей мен КХДР-ды байланыстырып тұрған қолданыстағы Достық көпірі теміржол өткелінің жанында салынған.

Көпірдің ашылуымен қатар «Хасан» өткізу пунктінің құрылысы аяқталды. Бұған дейін хабарланғандай, нысан он қозғалыс жолағына есептелген, оның өткізу қабілеті тәулігіне 300 көлікке дейін жетеді.

Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин шекара маңындағы көлік инфрақұрылымын дамыту Ресей мен КХДР арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге жағдай жасайтынын атап өтті.

Жаңа автомобиль өткелі екі елдің шекара маңындағы аумақтарын дамытуға және олардың арасындағы көлік қатынасының көлемін арттыруға ықпал етуге тиіс.

Көпірдің құрылысы 2025 жылғы сәуірде Ресей Президенті Владимир Путиннің 2024 жылы КХДР-ға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтан кейін басталды.

Бұған дейін Ресейдің Солтүстік Кореямен жаңа көпірлер салуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Владимир Путин Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Туманная өзені арқылы өтетін көпір 2026 жылы ашылатынын мәлімдеген еді.