Ресей мен Қытай жаңа атом электр станцияларын бірлесіп салу мәселесін қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей мен Қытай үкімет басшыларының 30-шы кезекті кездесуінің қорытындысы бойынша тараптар жаңа атом электр станцияларын бірлесіп салу мәселесін зерттеуге келісті, деп хабарлайды Ресей үкіметінің сайты.
Қорытынды коммюникеде Мәскеу мен Бейжің «Тяньвань» және «Сюйдапу» АЭС құрылыс жобаларын іске асыруды жалғастыруға, құрылыс жұмыстарының уақтылы аяқталуын және нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз етуге келісімдерін растады.
— Осы негізде (тараптар) ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, термоядролық синтез, жылдам нейтронды реакторлар және жабық ядролық отын циклі салаларындағы ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетуге және өзара тиімділік пен мүдделер теңгерімі қағидаттарына негізделген ядролық отын циклінің бастапқы кезеңі мен жаңа атом электр станцияларын бірлесіп салу саласында пакеттік келісімдер түрінде ынтымақтастықты дамытуға ниетті, — делінген құжатта.
Еске сала кетсек, Ресей мен Қытай үкімет басшыларының отызыншы кезекті кездесуі 2025 жылдың 3 қарашасында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойылды.
Бұған дейін Өзбекстанда атом электр станциясы құрылысының бірінші кезеңі басталғанын жазған едік.