Ресей мен Малайзияның үкімет басшылары Н.Назарбаевты ҚР Президенті сайлауындағы тарихи жеңісімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей мен Малайзияның үкімет басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенті болып қайта сайлануымен құттықтады.

Мемлекет басшысы атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтен құттықтау жеделхаты келіп түсті.

Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

- Сайлаудағы айқын жеңіс Сіз жүргізіп отырған стратегиялық бағыт Қазақстан халқының кең қолдауына негізделгенін көрсетті. Сіздің басшылығыңызбен республика әлеуметтік-экономикалық даму және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында алға ілгерілеуін жалғастыратынына сенімдімін, - делінген жеделхатта.

Ресей Премьер-Министрі қазақстандық серіктестерімен кооперациялық байланыстарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастықты жандандыруға әзір екенін білдірді.

- Біз Сіздің Ресей мен Қазақстанды біріктіретін достықты, тату көршілік пен серіктестікті нығайтуға, түрлі салалардағы ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлесіңізді бағалаймыз, - деп атап өтілген жеделхатта.

Соңында Дмитрий Медведев Қазақстан Президентіне мықты денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Сондай-ақ, Елбасы Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разакпен телефон арқылы сөйлесті.

Наджиб Тун Разак Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы тарихи жеңісімен құттықтады.

Әңгіме барысында екі елдің көшбасшылары саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Тараптар екі мемлекеттің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті.

Телефонмен сөйлесуге Малайзия тарапы бастамашылық етті.