Ресей мен Украина тікұшақтары Астанада жөнделе бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Астанадағы Еврокоптер орталығының мүмкіндіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2011 жылы құрылған «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» қызметтер экспортына шықты. Осы орайда Еврокоптер санатындағы барлық тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету құқығы берілді. Посткеңестік кеңістікте сертификатталған жалғыз орталық мәртебесіне ие», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Астанадағы орталықта Ресей, Украина, Моңғолия және Орталық Азия елдерінен тікұшақтар жөндеуден өтуде.

«Бүгінгі күні кірістің 50 пайызға жуығын қызметтер экспорты құрайды және компания аймақтық сервистік орталық ретінде жаңа дейгейге шығуда», - нақтылады Атамқұлов.

Айта кетейік, «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» зауытын «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Еурокоптер» француз кәсіпорны бірлесіп құрған. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2010 жылдың 27 қазанында Францияда бірлескен компания құру туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Зауыттың үш модельге арналған, яғни ЕС145, ЕС130, AS 350 тікұшақтарына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар.


Иллюстративное фото