Кеше ресейлік БАҚ Мәскеу мен Ресейдің өзге қалаларында еуро мен АҚШ долларының тапшылығына байланысты біраз қиындықтар туғанын хабарлады. РБК сайтында атап өтілгендей, доллар мен еуро бағамының күрт көтерілуі халық арасында байбалам туғызып, Ресей банктерінің кеңселерінде шетелдік валютаның тапшылығына әкеп соқтырды. Несиелік ұйымдар валютаның сатылым сомасын «бір қолға» лимиттей бастады. 20 қаңтардан бастап Орталық банк бекіткен доллардың ресми бағамы 1,07 рубльге өсті, 28 қаңтар күні ол 34,71-ді құрады. Еуро бағамы 1,96 рубльге көтеріліп, 47,50 рубльді құрады. Дәл осындай хабарламалар бір күн бойы Украинадан да келіп тұрды. Жұма күні валютаны кассалардан 8,45-8,47 грн/$-ға сатып алу мүмкін болса, демалыс күндері ол үшін 8,59-8,62 грн/$ сұраған. Қазақстанға келер болсақ, кеше tengrinews.kz сайтында валюталық нарық бойынша сарапшы Анатолий Хегайдың пікірі жарияланды. Ол доллардың теңгеге шаққандағы бағамы осы аптада тарихи ресми максимумды жаңарту мүмкіндігіне ие, әзірге ол 155,75 белгісінде тұр деді. А.Хегайдың сөзіне қарағанда, осы аптада доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 155-155,8 теңгеге дейін өседі деп болжануда, еуро бағамы - 210,5-212,5 теңгені, рубль - 4,45-4,53 теңге құрайды. Шындығында да кеше БТА банк АҚШ долларын 155,8 теңгеге сатты, басқа банктерде де доллар бағамы осындай немесе бұдан сәл төмендеу болды. Қаңтардың 20-24 аралығында Қазақстандағы салық төлемдеріне байланысты доллар курсы біршама тұрақтанды. Бір қызығы, өткен аптада рубль курсы 4,51 теңгеге дейін түсіп кетті. А. Хегайдың атап өтуінше, бұл 2009 жылдың мамыр айынан бергі ең аз көрсеткіш.
06:35, 29 Қаңтар 2014
Ресей мен Украинадағы қаржылық дүрбелең Қазақстанға әсер еткен жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей мен Украинадағы қаржылық дүрбелең Қазақстанға әсер еткен жоқ.