Ресей мен Жапония 22 маусымда бейбітшілік жайлы уағдаласады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапониялық СІМ басшысы Фумио Кисида Ресей мен Жапония арасындағы бейбітшілік шартын жасасу туралы келіссөздер 22 маусымда Токио қаласында өтетінін хабарлады, деп жазды Утро.ру.

Келіссөздерді Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Моргулов пен Жапонияның Ресейдегі бұрынғы елшісі, ресейлік-жапониялық келіссөздер мәселелері бойынша ресми өкіл Тикахито Харада жүргізеді.

Бейбітшілік шартын жасасу туралы келіссөздердің СІМ басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі алғашқы кезеңі 2014 жылы қаңтарда өтті. Кейін ол украиналық дағдарысқа байланысты тоқтатылды.  2015 жылы қыркүйекте Жапония сыртқы істер министрі Фумио Кисиданың Ресейге сапары кезінде келіссөздерді қайтадан жандандыру туралы уағдаласып, кейін келіссөздердің екінші кезеңі өтті.  

Бейбітшілік ресми түрде орнатылғаннан кейін Жапония 1855 жылғы сауда және шекаралар туралы тарихи Трактат талаптарына сәйкес Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи Куриль аралдарын алғысы келеді.  Бұл бейбітшілік орнату туралы келіссөздерде Жапония алға қойған басты талап.

Ресей оңтүстік Куриль аралдарына Екінші дүнижүзілік соғыс қорытындыларымен ие болған, сондықтан ол талассыз Ресейдікі деп есептейді.