Шектеу үш айға енгізіледі. Үкіметтің хабарлауынша, шешім ресейлік өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Тыйым тас көмірден және мұнайдан алынатын бензолды, толуолды, ортоксилолды, параксилолды және фенолды әкетуге қатысты.
— Олар, атап айтқанда, автомобиль, авиация, кеме жасау және теміржол машина жасау салаларына арналған лак-бояу жабындарын, азық-түлік өнімдеріне арналған қаптамаларды, еден жабындарын және кабель өніміне арналған оқшаулағыш материалдарды өндіруде, сондай-ақ медицина өнеркәсібінде қолданылады, — делінген хабарламада.
Шара мұнай-химия өнімдерін халықаралық транзиттік тасымал шеңберінде әкетуге, халықаралық гуманитарлық көмек желісі бойынша жеткізуге, сондай-ақ Шпицберген архипелагындағы ресейлік ұйымдардың қызметін қамтамасыз етуге қатысты қолданылмайды, деп нақтылады үкіметте.
Еске салайық, бұған дейін Ресей дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды ұзартқанын хабарлаған едік.