Ресей Омбудсмені Мәскеуде көз жұмған қазақстандық студенттің ісін бақылауына алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Федерации Татьяна Москалькова Мәскеуде көз жұмған қазақстандық студенттің ісін өз бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы журналистерге ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров Астанада өткен конфереция барысында мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Асқар Шәкіров Ресей Федерациясының Омбудсмені Татьяна Москальковадан қазақстандық студент Томирис Байсафаның өлімін тергеуде көмек сұраған еді.

Шәкіров ресейлік әріптесіне үндеу жасауда тергеу ісіне араласуды көздемегенін айтты.

«Менің әріптесіме жасаған үндеуім тергеу процесінің ашық әрі әділ өтуіне ғана негізделген. Кеше онымен (Татьяна Москальковамен - ред.) сөйлестім, бұл мәселені өз бақылауыма аламын деп уәде берді», - деді Асқар Шәкіров.

Омбудсменнің айтуынша, қаза тапқан Томиристің анасы тергеу ісінде процессуалдық бұзушылықтар бар екенін айтып, одан көмек сұраған.

Еске сала кетсек, сәуір айында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының терезесінен құлаған қазақстандық студент қыз 3 мамырда ауруханада қайтыс болды.

Қыздың ата-анасы оның өзіне қол салғандығына қатысты тергеу нұсқасымен келіспейді және тергеудің әділ жүргізілуін талап етуде.