Ресей «Протон»-ды ары қарай ұшыруға рұқсат сұрап отыр

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ресейдің «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігі Қазақстан Үкіметінен «Протон» үлгісіндегі зымырантасығыштарды Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру жұмысын жалғастыруды сұрап отыр.

Осыған байланысты бүгін Астанада «Протон-М» апатының зардабын жою бойынша құрылған арнайы жұмыс комиссиясының отырысында Роскосмос басшысының орынбасары Сергей Савельев ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінен көмек сұрады. «Ресейдің ұлттық ғарыш бағдарламасындағы «Протон» зымырантасығышының орнын, сондай-ақ біздің халықаралық шарттар бойынша алған міндеттемелерімізге байланысты мен Роскосмостың атынан Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтан Үкімет деңгейінде «Протон» үлгісіндегі зымырантасығыштарды ұшыруды ары қарай жалғастыру мәселесін шешуге ықпал жасауды сұраймын», - дейді С.Савельев. Айта кетейік, соңғы рет Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Протон» зымырантасығышы апатқа ұшырады. Соның салдарынан гептил атты улы отынның біраз бөлігі біздің жерімізге төгілді.