Ресей рублінің арзандауы автомобиль нарығына қалай әсер етеді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын айларда рубльдің құнының төмендеуіне байланысты шетелдік көліктердің бағасы көтеріледі. Бұл туралы автомобиль нарығының өкілдеріне сілтеме жасап «Коммерсантъ» газеті жазады.

Олардың айтуынша, осы салада 1-2% үдемелі индекстеу күтілуде, ол жалпы алғанда, 10% дейін жетуі мүмкін.

Делдалдардың сөзіне қарағанда, автоконцерндер бағаның өсуінен хабардар. Мәселеге қатысты өз көзқарастарын білдіргендердің ішінде GM компаниясының өкілдері «Рубльдің курсын күнделікті қадағалап отырмыз. Әзірге біз бағаны көтере қойған жоқпыз, бірақ, рубль құны осылай төмен бола беретін болса, көліктердің де бағасын шарықтатуға мәжбүр боламыз», - дейді.

Ford Sollers компаниясы 1 ақпаннан бастап жеңіл автомобильдердің бағасының 1-2% өсетінін, одан кейінгі баға саясаты рубль курсының ауытқу деңгейлеріне байланысты болатынын хабарлады. Renault әлі көліктерінің құнын арттыру туралы шешім қабылдамаған.

Доллар мен евро курсының қымбаттауына орай тұрмыстық техника мен электроника бұйымдары және алкогольдік өнімдер нарығында да қымбатшылық орын алады, деп күтілеуде. Соңғы уақыттарда Ресей валютасының доллар мен еуроға қатысты құны төмендеп кетті. Мәселен, 27 қаңтар күні Еуроаймақтың бірыңғай валютасының ресми курсы шамамен 60 тиынға қымбаттап, 47,4962 рубль/еуроны құраған. Яғни, Еуропа валютасы алғаш рет 47 рубль/еуро межесінен артып кеткен. Ал, 29 қаңтар күні Мәскеу биржасындағы сауда барысында еуро рекордын жаңартып, оның құны 48 рубльді құраған.