Ресей рублінің бүгінгі көрсеткіштеріне қарамастан теңге өзін жайлы сезінеді - Қ. Келімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей рублінің бүгінгі көрсеткішіне қарамастан теңге өзін жайлы сезінеді. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Егер Ресей рубліне қатысты жағдайға келсек, онда біз ең алдымен айырбас бағамының бір режімінен екінші режімге өту кезеңін бақылап отырмыз. Яғни, ресей рублі қолмен басқарудан еркін жіберуге кетіп отыр. Ал бұл рубльдің еркін жіберілуі ең басында құнсыздану мен нығаю жағынан арасалмақты ажыратып өз орнын табуы керек. Сондықтан да, ресейлік сарапшылар келесі жылдың басына қарай рубль айтарлықтай нығаяды деп болжайды», - деді Қ. Келімбетов. Оның пайымынша, келесі жылдың басына қарай ресей рублі 1 долларға - 40 рубль дәлізінде сақталуы күтіледі.

«Ал біздегі жағдайға келсек, тіпті қазіргі көрсеткіште де теңге өзін жайлы сезінеді. Сондықтан да, айтарлықтай салмақты өзгерістер күтпейміз әрі 170-188 теңгелік дәліз тиісті тәуекелдерді дер уағында жабуға септігін тигізетін болады», - деді Ұлттық банк басшысы.