Ресей «Талибанды» лаңкестік ұйымдар тізімінен шығару мәселесін қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің бейінді ведомстволары «Талибанды» лаңкестік ұйымдар тізімінен шығару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінен мәлімдеді, деп хабарлайды «Известия» басылымы.

Фото: Global Look Press

«Тәліптер қозғалысынан лаңкестік ұйым мәртебесін алып тастауға келетін болсақ, бұл мәселені Ресейдің Сыртқы істер, Әділет министрліктері және басқа да тиісті ведомстволар зерттеп жатыр», - деп хабарлады РФ СІМ.

Атап өтілгендей, соңғы шешімді ел басшылығы қабылдайды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2003 жылы тәліптер қозғалысын террористік ұйымдар тізіміне енгізген. Сол жылы Ресей Жоғарғы соты «Талибан» қозғалысын террористік ұйым деп таныды.

2021 жылдың мамыр айында елде 2001 жылдан бері болған америкалық әскерлер Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін қозғалыс мүшелері елдің ірі қалаларына шабуыл жасап, 15 тамызда Кабулға кіріп, соғыстың аяқталғанын, ал 7 қыркүйекте уақытша үкіметтің құрамын жариялады.

Еске сала кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан билігі «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару туралы шешім қабылдаған болатын.