Ресей тарапы ЕҚЫҰ-ы аясында қолға алынған шараларды қолдайтындықтарын білдірді

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ресей тарапы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жаһандық деңгейдегі трансұлттық қатерлермен күрес әрекетеріне риза. Сондай-ақ лаңкестік әрекеттерімен күрес шаралары да жақсы нәтиже беріп отыр.

ЕҚЫҰ есірткі саудасымен жаһандық күрес жұмыстарына барынша дендеп еніп барады. Өз кезегінде қалыптасқан жағдай ұйымның есірткіге қарсы тұжырымдамасының қабылдануына ықпал етеді деген сенім бар. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ саммитінің Шолу конференциясының пленарлық мәжілісінде Ресей делегациясының басшысы Владимир Воронков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, халықаралық ұйымның ұйымдасқан қылмыспен күрес және шекара қауіпсіздігін нығайтудағы жобалары көңілге қонымды. «Сондай-ақ біз ұйымның XXI ғасырдың қауіп-қатерлерімен күрес бастамаларын да қолдаймыз. Үш аптаға созылған және үш мемлекетте өткен ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясы өзінің мақсат-міндеттерін толық орындады. Әрине мұнда назардан тыс қалған біршама мәселелер де болды. Бірақ ол алдағы күннің үлесіндегі мәселелер және оларды шешу ісіне алдағы болатын Самит жаңа серпін береді деген ойдамын". -деді ол.