Конференцияны Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институты, Ресей мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығы ұйымдастырған. Конференцияға Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Қытай, Түркия. Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің тарихшылары мен филологтары қатысты. Жалпы, конференция мінберіне шығып, Қазақ хандығының тарихы туралы баяндама жасауға 140 ғалым-тарихшы ниет танытқан екен. Конференцияны ашқан М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институтының президенті Михаил Мейер «Қазақ хандығының тарихы 550 жылдан әріде жатқанын, сондықтан да, конференция тақырыбы «Түркі әлемінен Қазақ хандығына дейінгі кезеңді қамтып отырғанын» атап өтті. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елші-кеңесшісі Марат Сыздықов айтуынша, екі мың жылдан бері Қазақстан аумағында шамамен жиырма мемлекеттік негіз болса, ал, 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығы көшпелі халықты өркениетке бастаған кезең еді. Елші сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді. Онда Елбасы: «Қазақ хандығы мемлекеттік ұйым ретінде қазақ халқының шоғырлануына үлкен қызмет атқарды. Ал, бүгінде Қазақстан мемлекеттіліктің ежелгі дәстүрлерін жаңартып, ХХІ ғасырдағы дамуға бет алған мемлекет. Болашақты ойласақ, өткенімізді де ұмытпауымыз керек» деп, конференция қатысушыларына жемісті жұмыс тіледі.
17:46, 17 Қараша 2015
Ресей тарихшылары халықаралық ғылыми конференцияда Қазақ хандығының тарихын талқылады (ФОТО)
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасында «Түркі әлемінен Қазақ хандығына дейін» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.