Компания басшысы атап көрсеткендей, бүгінде Кедендік одақ, жалпы Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында әрбір мемлекеттің көліктік-логистикалық әлеуетін барынша өсіруге болады. «Осы орайда, құрметті премьер-министр, сіздің Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің саяси басшылығы ретінде көп көмек бере алатыныңызды жақсы білеміз. Әрине, қазірдің өзінде кедендік бақылау мен шекара қызметі жағынан көптеген жеңілдіктер бар. Меніңше, бүгінде транзиттік жүктерді де тексеруді доғарған дұрыс болар еді. Соның арқасында біз біраз уақытты үнемдеп, көлік қатынасының бәсекелестігін арттыра аламыз», - деді В.Якунин.